Қазақстанға арналған 1С:Жалақы және персоналды басқару 8 үлгілік шешімінің жаңа 3.1.37 нұсқасы шықты.
Ең алдымен бағдарламаның жаңа 3.1.37 нұсқасымен жұмыс істеу үшін платформаның 8.3.27.2214. нұсқасын орнату қажет.
Шығарылымдағы негізгі өзгерістер есепке алудың барлық дерлік бөлімдерін қамтыды:
1.Кадрлық есеп.
2.Жұмыс уақытын есепке алу, еңбек демалысы мен демалыс күндерін көрсету.
3.Аванстар мен төлемдерді есепке алу.
4.Жалақыны есептеу.
5.Бухгалтерлік есеп және резервтерді есепке алу.
Қызметкер демалыс күні толық күн емес, бірнеше сағат жұмыс істеп, кейін осы сағаттарды жинақтап, бір күн демалыс ала алады. Бұрын жинақталған сағаттарды есепке алу, оларды күндерге ауыстыру және пайдалану мерзімін (бір жылдан аспайтын) бақылау қолмен жүргізілетін. Жаңа нұсқада толық жұмыс істелмеген демалыс немесе мереке күнінің есебінен демалыс күнін пайдалану мүмкіндігі іске асырылды, яғни демалыс сағаттарын хронологиялық есептен шығару алгоритмімен және бір жылдық мерзімді бақылаумен есепке алу автоматтандырылды.

Демалыс күні және Еңбек демалысы құжаттарында бағдарлама нақты жұмыс істелген күндер мен сағаттарды таңдауды өзі ұсынады. Автоматты түрде толтырылған кезде алдымен толық күндер, содан кейін ең ерте мерзімдерден бастап сағаттар есептен шығарылады. Сондай-ақ демалыс берілуге тиіс пайдаланылмаған күндер мен сағаттар туралы ақпарат көрсетіледі.
Мысалы, өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкер бұған дейін демалыс күндері жұмыс істеді: 8 тамыз – 4 сағат, 9 тамыз - 2 сағат. Егер ол бір күн демалыс алса, күндер өрісі - 1 (1 қыркүйек) деп толтырылады. Бұдан әрі бағдарлама қызметкерде күндер бөлінісінде қанша сағат бар екенін автоматты түрде анықтайды. Ағымдағы демалыс есебіне қандай сағат санын және қай күндер үшін пайдалану керектігін өзіңіз таңдай аласыз. Бұл ретте күнді тек толықтай таңдауға болады, яғни әртүрлі күндерден бірнеше сағатты таңдау мүмкін емес.
Ал егер қызметкер еңбек шарты тоқтатылғанға дейін жинақталған демалыс күндерін пайдаланып үлгермесе не істеу керек? Бұрын бұл қосымша әрекеттерді талап ететін, енді жұмыстан шығару құжатына өтемақы тетігі қосылды.
Еңбек шарты бұзылған кезде демалыс күндеріндегі жұмыс үшін пайдаланылмаған барлық демалыс күндері мен сағаттарына ақшалай өтемақы төленуге тиіс.
Бұрын есеп айырысушы демалыс күндерінің қалдығын қолмен есептеп, жекелеген біржолғы есептеулерді тіркеуге мәжбүр болатын.

Жаңа нұсқада жұмыстан шығару құжаттарында демалыс күндеріне өтемақы есептеудің автоматты блогы әзірленді.
Бағдарлама пайдаланылмаған демалыс күндері мен сағаттарының қалдығын автоматты түрде есептеп, оларды қажет болған жағдайда түзетуге болатын арнайы бөлімге қояды және Пайдаланылмаған демалыс күндеріне/сағаттарына өтемақы есептеуін орындайды.
Жаңа нұсқада еңбек демалыстарын есепке алу тетігі де өзгерді.
Қызметкерлердің кейбір санаттарына қосымша еңбек демалысы күндері беріледі. Мысалы, зиянды еңбек жағдайлары үшін, еңбек өтілі үшін берілетін демалыс және т.б. Бұрын құжаттарды ресімдеу кезінде кадрлық есепте тағайындалмаған қызметкерге қосымша еңбек демалысының түрін кездейсоқ таңдап қоюға болатын, бұл демалыс төлемдерінің артық жұмсалуына және қалдықтардың бұрмалануына әкелетін. Жаңа нұсқада құжатты енгізу кезінде қосымша еңбек демалыстарына құқықтарды автоматты түрде фондық бақылау енгізілді. Оның қалай жұмыс істейтінін қарастырайық. Дерекқорда осы құқықты растайтын кадрлық құжаты жоқ қызметкер бойынша қосымша еңбек демалысы бар жол қосылған кезде жүйе ескерту шығарады.

Мұндай бақылау құжат өткізілгенге дейін еңбек демалысының қате ресімделуіне жол бермейді.
Қызметкерге еңбек демалысы беріліп қойғанымен, оны ұзартуды немесе ауыстыруды талап ететін мән-жайлар туындаған жағдайларда бағдарламаның жаңа нұсқасында өткен жұмыс кезеңдері үшін еңбек демалысы қалдықтарын қайта есептеу тетігі пайда болды. Мысалы, қызметкер өткен жылғы негізгі және ағымдағы жылғы қосымша еңбек демалысынан тұратын демалысқа шықты. Еңбек демалысы кезінде ол ауырып, еңбекке жарамсыздық парағын ұсынды. Әдепкі бойынша демалыстан кері шақырту немесе еңбекке жарамсыздық парағы өзі нақты түскен күндердегі еңбек демалысының түрін ығыстырады. Нәтижесінде жаңа жылға тиесілі еңбек демалысы жұмсалып, ал ескі пайдаланылмаған қалдықтар «тұрып қалады». Жаңа нұсқада еңбек демалысын түзету кезінде жұмыс жылдарының ретін автоматты түрде қайта есептеу баптауы енгізілді. Ол үшін Ауырған немесе еңбек демалысынан кері шақыртылған кезде еңбек демалысы түрлерінің ұзақтығын қайта есептеу кадрлық есеп баптауы пайдаланылады. Оның қалай жұмыс істейтінін мысалмен қарастырайық.

Қызметкерде мынадай қалдық бар:
- негізгі еңбек демалысы, 2024 жылдан бастап (2024 – 2025 жұмыс жылы үшін еңбек демалысының қалдығы - 5 күн);
- қосымша еңбек демалысы (зиянды еңбек жағдайлары үшін), 2024 жылдан бастап (2024 – 2025 жұмыс жылы үшін еңбек демалысының қалдығы 5 күн).
Қызметкер 1 тамыздан бастап 20 күнге еңбек демалысына шығады:
• 15 күн негізгі еңбек демалысы;
• 5 күн қосымша еңбек демалысы (зиянды еңбек жағдайлары үшін).

Осылайша, қызметкердің еңбек демалысы екі түрде ұсынылған: 01.08-ден 15.08-ге дейін негізгі еңбек демалысы және 16.08-ден 20.08-ге дейін қосымша еңбек демалысы.
Еңбек демалысы кезінде қызметкер ауырып, 16.08-ден 20.08-ге дейінгі кезеңге еңбекке жарамсыздық парағын ұсынды. Еңбекке жарамсыздық парағын есептеу кезінде ауырған кезеңдегі еңбек демалысы ығыстырылады және еңбек демалысы күндерінің есебін түзету қажеттілігі туындайды.
Еңбек демалысын түзету үшін жаңа Еңбек демалысы құжаты жасалады. Құжат жасалған кезде жүйе еңбек демалысы кезеңін ауырған күндерге ұзарту қажет пе, әлде еңбек демалысы кезеңі еңбекке жарамсыздық парағы басталған күнге дейін қысқартыла ма деп сұрайды.

Қарастырылып отырған мысалда еңбек демалысы ұзартылмайды және жаңа Еңбек демалысы құжаты жасалған кезде еңбек демалысының күндері бұрынғыдай қалады, бірақ 16.08-ден 20.08-ге дейінгі кезеңде еңбек демалысы еңбекке жарамсыздық парағымен ығыстырылады.
Егер Ауырған немесе еңбек демалысынан кері шақыртылған кезде еңбек демалысы түрлерінің ұзақтығын қайта есептеу кадрлық есеп баптауы өшірілген болса, әдепкі бойынша еңбекке жарамсыздық парағы қосымша еңбек демалысын (зиянды жағдайлар үшін) ығыстырады, өйткені еңбекке жарамсыздық кезеңі еңбек демалысының осы түріне сәйкес келеді.
Нәтижесінде негізгі еңбек демалысының тек 15 күні жұмсалады, ал қосымша еңбек демалысының 5 күні қызметкерге «қайтарылады».

Баптау қосылған кезде еңбекке жарамсыздық парағын немесе кері шақыртуды енгізу барысында жүйе жұмсалған күндерде ең алдымен ең ескі жұмыс кезеңі ескерілетіндей етіп, еңбек демалысы түрлерінің шекараларын автоматты түрде «жылжытады».Бұл ретте түзетілетін құжатта көрсетілген еңбек демалысының түрлері ғана пайдаланылады.Осылайша, егер баптау қосылған болса, ең алдымен ескі жұмыс кезеңдеріне тиесілі қалдықтар есептен шығарылады.
Қарастырылып отырған мысалда негізгі еңбек демалысының 2024-2025 жылдар үшін 5 күні, 2025-2026 жылдар үшін 5 күні және 2024-2025 жұмыс жылы үшін қосымша еңбек демалысының 5 күні (зиянды еңбек жағдайлары үшін) есептен шығарылады.

Нәтижесінде негізгі еңбек демалысының 10 күні және қосымша еңбек демалысының 5 күні жұмсалады, ал бұрын есептен шығарылған негізгі еңбек демалысының тағы 5 күні қызметкерге «қайтарылады».
Бұл жағдайда ең алдымен ең «ескі» жұмыс кезеңі ескерілді.
